
Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева отандық өнер иелері арасынан елді халықаралық аренада таныта алатын тағы бір талантты атады.
Министрдің айтуынша, Әйгерім бүгінде шетелде білім алып жатыр және халықаралық байқауларда зор жетістіктерге қол жеткізуде.
"Әйгерім Алтынбек – шетелде оқып жүрген опера әншісі. Биыл Италияда өткен көптеген халықаралық байқауларда жеңіске жетті. Қазір біз оны әлемдік деңгейдегі танымал әртістермен бірге сахнаға шығаруды жоспарлап отырмыз", – деді Балаева үкімет отырысынан кейінгі кулуарда.
Ол сондай-ақ министрлік тарапынан Әйгерімге жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.
Мәдениет министрлігінің ресми сайтында көрсетілгендей, Әйгерім Алтынбек – Қазақ ұлттық өнер университетінің "Вокалдық өнер" мамандығы бойынша түлегі. Италия, Финляндия, Литва, Ресей, Германия секілді елдерде өткен халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегері.
2024 жылдың желтоқсанында Әйгерім Италияда өткен беделді опера әншілері байқауында 70 қатысушының ішінен топ жарып, бас жүлде жеңіп алды. Сонымен қатар, Аркоре қалалық әкімдігінен стипендия ұтып алып, 2025 жылы Италияда өтетін ауқымды концертке қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Әйгерімнің жетістіктері мұнымен тоқтап қалған жоқ. Ол Моденеде өткен Николай Гяуров атындағы халықаралық вокал байқауында үшінші орын иеленіп, атақты Мирелла Френи атындағы арнайы сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ Болгарияның Варна қаласындағы театрда қойылатын "Сестра Анджелика" операсындағы рөлге бекітілді.
Отандық музыка әлемінде Димаш Құдайберген секілді аты шулы жұлдыздан кейін, Қазақстанды халықаралық деңгейде таныта алатын өнер иесі ретінде Әйгерім Алтынбектің есімі аталып отыр. Оның әлемдік сахнадағы жеңістері мен өнерге деген адалдығы елдің мәдени имиджін нығайтуға сеп болмақ.