
Белгілі әнші Төреғали Төреәлінің қазіргі жағдайы туралы ақпаратпен той ұйымдастыру орталығының арт-директоры Әділет Байнашов бөлісті. Оның айтуынша, Төреш бүгінде Түркияда ем қабылдап жатыр.
Наурыз айында Астана, Алматы, Шымкент және Тараз қалаларында өтеді деп жоспарланған Төреғалидің концерттері күтпеген жерден кейінге қалдырылған болатын. Бұл жайт көпшілікті алаңдатып, түрлі сұрақтардың туындауына себеп болды.
Арт-директор Әділет Байнашов әлеуметтік желіде мынадай жазба қалдырды:
"Әлемде ешкім ауырмасыншы. Төрешпен сөйлесіп, бір жарым сағат әңгімелестік. Сағыныштан екеуміз де толқып қалдық. Түркияда ем қабылдап жатыр екен. Алла шипасын берсін! Қазір жағдайы біршама жақсарған. Елге аман-есен орал”, – деп тілек білдірдім”.
Төреғалидің продюсері әрі әкесі де ұлының денсаулығына байланысты концерттердің уақытша шегерілгенін растады. Ол әлеуметтік желіде жанкүйерлерге арнап жүрекжарды жазба қалдырды:
"Төреш баламыздың денсаулығына байланысты жоспарланған концерттерді кейінге қалдырдық. ‘Адамның айтқаны емес, Алланың айтқаны болады’ дейді ғой. Алла шипасын беріп, ұлым халықтың алдында жарқырап шықсын деп тілеймін. Дұғаларыңызды арнаңыздар, қадірлі ел. Бұлттың артынан күн шығатыны анық қой, ауырмаңыздар!"