
Испанияның ең ұлы клубы саналатын "Реал Мадрид" алдағы жазғы трансфер терезесінде айтарлықтай өзгерістерге ұшырауы мүмкін.
Мадридтік клубтан кетуі мүмкін футболшылар қатарында Родриго Гоэс, Орелен Чуамени, Арда Гүлер және Ферлан Менди бар.
Футбол сарапшыларының пікірінше, бразилиялық шабуылшы Родриго әлі де тұрақты ойын көрсетіп үлгерген жоқ. Жекелеген матчтарда шеберлігін байқатқанына қарамастан Мадрид талап ететін жоғары деңгейге толық сай келмейді. Осы себепті клуб басшылығы Родригоны сату арқылы алынатын қаржыны команда дамуына тиімді жұмсауды көздеп отыр.
Француздық жартылай қорғаушысы Чуамени "Реалдың" негізгі құрамында өз орнын толық бекіте алмады. Камавинга мен Вальвердеге сенім артылған қазіргі ортада Чуамениге тұрақты мүмкіндік беру қиындады. Осыған байланысты "корольдік клуб" оны сатудан қаржылай пайда көргісі келеді.
Түркиялық жас дарын Арда Гүлер Мадридке келгеннен бері өзін толық көрсете алмады. Қатаң бәсекелестік жағдайында оның алаңға шығуы шектеулі болды. Сол себепті клуб басшылығы Арда үшін басқа командада ойнау тиімді болады деген шешімге келді.
Ферлан Мендидің "Реалмен" қазіргі келісімшарты аяқталуға жақын. Француздық қорғаушы жаңа келісімшартта жалақысының көбеюін талап еткен. Алайда клуб оның талабын қабылдаудың орнына ойыншыны сату арқылы түскен қаражатты жаңа трансферлерге жұмсауды жөн көрді.
Клуб президенті Флорентино Перес бұл төрт ойыншыдан түсетін қомақты қаржыны жаңа жұлдыздарды сатып алуға бағыттауды жоспарлап отыр. Бұл өзгерістер "Реал Мадридтің" жаңа маусымдағы мақсаттары мен жоспарларына үлкен әсер етуі мүмкін