
Қазақстан құрамасы Польшада өткен беделді "Феликс Штамм" халықаралық турниріне неге қатыспағаны белгілі болды. Бұл шешімнің себебін бас бапкер Қайрат Сәтжанов түсіндіріп берді.
Бас бапкердің айтуынша, Варшавада өткен жарыс бастапқыда Кубоктың кезеңі ретінде жоспарланбаған.
"Польшаның турнирі Кубоктың екінші кезеңі емес. Онда жиналған ұпайлар рейтингке әсер етпейді. Біз үшін маңызды жарыс – Астанада өтетін екінші кезең. Соған тыңғылықты дайындалып жатырмыз. Польшадағы жарыс біздің дайындық кестемізге енбеген", – деді Сәтжанов Sportnews.kz порталына берген сұхбатында.
Қазір ұлттық құрама оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Бірінші кезең аяқталғаннан кейін команда келесі дайындықты Щучинскіде жалғастырады. Қорытынды кезең – Астанада өтеді.
"Үйдегі жарыста жоғары нәтиже көрсетуді көздейміз", – деп толықтырды бас бапкер.
Қазақстан бокс федерациясы да жағдайға түсініктеме берді. Олардың мәліметінше, "Феликс Штамм" турниріне Кубок мәртебесі небәрі бірнеше күн қалғанда берілген. Дегенмен бұл жарыста жинаған ұпайлар боксшылардың ресми рейтингінде есептелмейді.
Сондықтан ұлттық құрама бұл жарысқа бармау арқылы маңызды ештеңе жоғалтқан жоқ.
Қазір Қазақстан құрамасы World Boxing ұйымының Кубогының екінші кезеңіне дайындалып жатыр. Аталған кезең 30 маусым мен 7 шілде аралығында Астанада өтеді.
Финалдық кезең қараша айында Үндістанда өтеді – 15-22 қараша аралығында. Ал 2025 жылы World Boxing әлем чемпионатын өткізеді. Бұл ауқымды дода 4-14 қыркүйек күндері Ұлыбританияда ұйымдастырылады.