
Оның қарсыласы – жаңадан ғана титул иеленген австралиялық Джек Делла Маддалена.
Жеңіл салмақтағы UFC чемпионы Ислам Махачев жақын арада жаңа салмақ дәрежесінде – жартылай орта салмақта – чемпиондық белбеу үшін жекпе-жекке шығуы мүмкін. Бұл салмақта қазақстандық Шавкат Рахмонов та өнер көрсетеді. Жекпе-жектің болжамды уақыты мен қарсыласы да белгілі, деп хабарлайды Sports.kz.
11 мамыр күні Джек Делла Маддалена америкалық Белал Мұхаммедті жеңіп, жартылай орта салмақта UFC чемпионы атанды. Бұл жеңіс Ислам Махачевке салмақ ауыстырып, қос чемпион болуға мүмкіндік береді.
«Махачев Белал Мұхаммедке қарсы жекпе-жекке шыққысы келмеген. Бірақ енді титул жаңарды, Махачев бұл салмақта бақ сынауға дайын. Ал бұл уақытта Илля Топурия мен Чарльз Оливейра маусымда уақытша чемпиондық үшін кездесуі мүмкін», – деп жазады журналист Дэниэл Каннингем.
UFC Делла Маддалена – Махачев жекпе-жегін қазан айындағы Абу-Даби PPV-картына өткізуі мүмкін. Немесе жыл соңында Австралияда өтетін PPV турнирінің басты кездесуі болады деген болжам бар.
Айта кетейік, жартылай орта салмақтағы титулдық жарыстың басты үміткерлерінің бірі – қазақстандық Шавкат Рахмонов. Ол қазіргі таңда UFC рейтингінде үшінші орында тұр және бұрын дәл осы титул үшін жекпе-жекке жақын болған. Бірақ жарақатына байланысты титулдық айқасқа қатыса алмады.