"Формула-1" аңызы Дэвид Култхард жас жұлдыз Ландо Норриске маңызды кеңес берді.
Бұрынғы "Формула-1" шабандозы, қазіргі сарапшы Дэвид Култхард "Макларен" командасының пилоты Ландо Норристің баспасөзге тым көп назар аударып жүргеніне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бұл фактор спортшының жарысқа шоғырлануына кері әсерін тигізуі мүмкін.
"Әрине, әркім өз ісін өзі шешеді. Бірақ менің тәжірибеме сүйенсек – тілшілермен тым көп сөйлесу кейін өз сөзіңді түсіндіруге мәжбүр ететін жағдайларға алып келеді. Ал чемпиондыққа ұмтылатын спортшы өзінің энергиясын барынша үнемдеуі керек. Сен жарысқа 100% дайындықпен келгеніңмен, соның 20 пайызын тілшілермен сөйлесуге жұмсасаң, жарыс кезінде тек 80%-дық әлеуетіңмен қаласың. Ал қарсыласың толық дайын болса, бұл сен үшін үлкен айырмашылыққа айналады", – деді Дэвид Култхард Speedweek порталына берген сұхбатында.
Дэвид Култхард ешқашан "Формула-1" чемпионы атанбағанымен өзінің ұзақ жылдық тәжірибесіне сенімді.
Айта кетейік, қазір Ландо Норрис "Формула-1"-дің жеке есептік кестесінде екінші орында тұр. Оның еншісінде 176 ұпай бар. Бірінші орынды оның командалық серіктесі Оскар Пиастри иеленіп отыр – 198 ұпай.