Ferrari болидіне жаңарту енгізілді

Редактор Penalty.kz
Бүгін, 01:40

Ferrari командасы Австрия Гран-приінде 2025 маусымындағы алғашқы ірі жаңартуларын сынақтан өткізді. Техникалық қиындықтарға қарамастан, команда жетекшісі Фредерик Вассер болидтің жаңа түбі мен аэродинамикалық шешімдерінен жағымды әсер алғанын айтты.

instagram/@scuderiaferrari

Шпильбергтегі трассада өткен жұма күнгі еркін жаттығулар команда үшін оңай болмады. Бірақ жағымды нәтиже берді. Бірінші еркін жаттығу сессиясында жаңартылған көлік элементтерін сынау жоспары толық жүзеге аспады. Себебі Льюис Хэмилтонның болидінде беріліс қорабына қатысты ақаулар шығып, ол FP1 кезінде трассада аз ғана уақыт өткізді.

Ал Шарль Леклер бұл сессияға қатыспай, оның орнына жас пилот Оливер Беганович шықты. Бұл шешім маусым барысында кемінде екі еркін жаттығу сессиясында жас шабандоз қатысуы керек деген регламентке сай қабылданды.

Оливер Беганович жаңартылған болидтің жаңа түбімен тек соңғы 30 минутта жарыс жолына шықты. Бұл жаңа түбі – Ferrari командасының 2025 жылғы техникалық дағдарысты еңсеру жолындағы негізгі жаңалығы.

фото: Scuderia Ferrari

Вассер: «FP2-дегі деректер — үміт ұялатады»

Алғашқы сессиядағы қиындықтарды былай түсіндірді: «FP1-де бірқатар мәселелер болды, бірақ FP2-де жасалған сынақтардан кейін бізде жағымды әсер қалыптасты. Бүгін кешке барлық деректерді мұқият сараптауымыз керек, бірақ алғашқы белгілер – оң.» – деп түсіндірді команданың жетекшісі Фредерик Вассер Sky Sport арнасына берген сұхбатында.

Артқы қанат конфигурациясы: салыстыру нәтижелері

Жаңартылған түбінен бөлек, команда осы демалыс күндері екі түрлі артқы қанат конфигурациясын сынақтан өткізді. Хэмилтон аэродинамикалық жүктемесі көбірек нұсқамен жүрсе, Леклер жеңілірек нұсқамен шықты.

«Енді бізде екі шешімді салыстыруға мүмкіндік бар. Біраз түзетулер енгізу қажет, ертеңгі жарысқа ең тиімді нұсқаны таңдаймыз», — деді Вассер.

Леклердің қарқыны — сенімді бастама

FP2 сессиясында Шарль Леклердің қарқыны жақсы болды. Бұл туралы Фредерик Вассер:

«Оның қарқыны жақсы болды, бұл біз үшін алдағы күндерге сенімді база», — деді.

Дегенмен, бірінші секторда Ferrari-дің әлі де қиындықтары байқалды. Бұл Вассердің айтуынша, отын жүктемесіне және қозғалтқыш картасына байланысты:

«Қорытынды жасауға әлі ерте. Бұл көптеген айнымалыларға тәуелді.»

Ferrari командасы Австриядағы сынақ күнінде техникалық қиындықтарға қарамастан, жаңартулардан жақсы әсер алды. Бұл демалыс күндері алынған мәліметтер команда үшін маусымдағы шешуші бұрылыстың бастамасы болуы мүмкін.