Формула-1 жұлдызы, қазіргі әлем чемпионы Макс Ферстаппен өзінің болашағына қатысты тарап жатқан түрлі сыбыстарға нүкте қойды. Венгриядағы баспасөз жиынында ол 2026 жылы да Red Bull Racing командасының пилоты болып қала беретінін ресми түрде растады.
Соңғы айларда Формула-1 әлемінде Ферстаппеннің Mercedes немесе басқа да топ-командаларға ауысуы мүмкін деген болжамдар жиілеген болатын. Бірақ спортшы бұл қауесеттерге еш жауап қатпай, үнсіз қалғанын түсіндірді:
«Маусым бойы адамдар әртүрлі жорамал жасап келді, бірақ бұл тақырыпта сөйлейтін жалғыз адам — мен. Ал мен әдейі үндемедім, себебі бұл дауға араласудың мағынасы жоқ деп санадым. Кейбіреулер отқа май құяды, басқалары драманы күшейтеді. Бірақ мен үшін бәрі айқын болды, әсіресе келесі жылға қатысты», — деді Ферстаппен.
Ол Red Bull командасымен 2026 жылғы өзгерістер туралы жоспарларды талқылап жатқанын және бұл оның командада қалатынын білдіретінін айтты.
Макс Ферстаппен барлық сыбыстарға нақты жауап беру қажеттігін сезіп, өз шешімін жария етті:
«Мен үшін болашағым ешқашан сұрақ тудырған емес. Сондықтан бұл тақырыпқа соңғы нүкте қоюға шешім қабылдадым. Мен Red Bull-да қаламын».
Журналистер болашақта да осындай қауесеттердің қайталануы мүмкін бе деген сауал тастағанда, Макс былай деп жауап берді:
«Мен білмеймін. Егер сіз келесі жылы маған осы сұрақты қойсаңыз, онда сыбыстар жалғасқан деген сөз».
Сондай-ақ ол БАҚ-тағы шу мен келісімшарт жайлы талқылауларға мүлдем қызықпайтынын атап өтті:
«Мен үшін ең маңыздысы — машинаның жылдамдығын арттыру және сол секілді техникалық жақтар. Сондықтан мен келісімшарттағы егжей-тегжей туралы ешқашан пікір білдірмеймін».
Бұл мәлімдеме арқылы Макс Ферстаппен Red Bull командасындағы орнын нақтылап, жанкүйерлер мен БАҚ өкілдерін мазалаған сұраққа анық жауап берді. Формула-1 әлемінде тұрақтылық сирек кездесетін құбылыс болғанымен, Red Bull мен Ферстаппен одағы кемінде 2026 жылға дейін сақталмақ.