F1 сенсациясы: McLaren 10 жылдан кейін жаңа титулдық демеушіге ие болды!
McLaren Racing ресми түрде жариялады: 2026 жылдан бастап команда McLaren Mastercard Formula 1 Team атауымен жарысқа қатысады. Бұл келісім тек серіктестік емес, сонымен қатар жанкүйерлер үшін жаңа дәуірдің басталуын білдіреді. Бұл туралы британдық команданың баспасөз қызметі хабарлады.
Жанкүйерлерге арналған «Team Priceless» бағдарламасы
Mastercard жаһандық «Team Priceless» (Баға жетпес команда) бастамасын іске қосады. Бұл бағдарлама McLaren Papaya жанұясының жанкүйерлеріне ерекше мүмкіндік береді:
- эксклюзивті қолжетімділік – команданың өмірінен кадрлар, арнайы шаралар;
- трассадағы ерекше тәжірибелер – пилоттармен кездесу, мәдени бағдарламалар, тіпті тректе жылдамдықты сезіну мүмкіндігі;
- арнайы таңдалған шаралар – жарыс күндері мен оған дейінгі кездесулер.
Бағдарлама туралы толық ақпарат жақын күндері жарияланады.

Амстердамдағы үлкен фан-шоу
Жаңа серіктестіктің басталуын атап өту үшін Mastercard 27 тамыз күні Амстердамда жанкүйерлерге арналған іс-шара өткізеді. Онда McLaren жұлдыздары Ландо Норрис пен Оскар Пиастри, музыкалық концерттер мен арнайы фан-аймақтар болады.
Ресми пікірлер
McLaren бас директоры Зак Браун жаңа келісімге байланысты жанкүйерлерге үн қатты:
«Біздің ең үлкен құндылығымыз – жанкүйерлер. Сондықтан Mastercard-пен серіктестігіміздің жаңа кезеңін ашқаныма қуаныштымын. Біз “папайя жанұямызға” әрдайым жақын болуға, ерекше әсер сыйлауға уәде етеміз. Mastercard біздің құндылықтарымызбен үндесіп, команданы жаңа биіктерге жетелеуге дайын әріптес», – деді Браун.

Mastercard маркетинг жөніндегі директоры Раджа Раджаманнар қосты:
«McLaren – инновация, дәлдік және өнімділіктің символы. Team Priceless бастамасы жанкүйерлерге ұмытылмас сәттер сыйлайды»
McLaren Racing жайлы
1963 жылы Брюс Макларен құрған команда Формула-1 тарихындағы ең табысты ұжымдардың бірі. 21 әлем чемпионаты, 200 жеңіс, «Индианаполис-500» және «Ле-Манн-24» секілді беделді жарыстардағы жеңістер – McLaren-нің спорттағы мұрасы.