Төрт дүркін әлем чемпионы Макс Ферстаппен бұл уик-эндте әйгілі Нюрбургрингт (Nürburgring Nordschleife) трассасында жарысқа шығады. Әлем чемпионатының жұлдызы тек «Формула-1»-мен шектелмей, төзімділік жарыстарында да өзін сынап көрмек.
Бұған дейін біз төрт дүркін әлем чемпионының осындай жоспары бар екенін хабарлағанбыз. Алдымен ол ең жылдам GT3 санатында өнер көрсету үшін арнайы рұқсат – DMSB Permit Nordschleife алуы керек. Сондықтан ертең Ферстаппен GT4 санатына жататын Porsche 718 Cayman спорттық көлігінің руліне отырады. Бұл көлік Lionspeed GP командасына тиесілі, ал оның сырты Verstappen.com Racing пен Red Bull түстерімен безендірілген. Іріктеуден кейін ол төрт сағаттық жарысқа қатысады.
Ферстаппеннің командаласы – 22 жастағы британиялық шабандоз Крис Лалхэм. Ол қазірдің өзінде Ферстаппеннің командасы атынан GT World Challenge Europe чемпионатында бақ сынап жүр.
Чемпион өз ойын ресми сайтында бөлісті:
«Жарыс – тек кәсібім ғана емес, бұл – менің сүйікті ісім. Осы демалыста мен Nordschleife трассасына шығамын. Мақсатым – GT3 көлігімен осында жарысу үшін міндетті лицензия беретін іріктеу кезеңінен өту. Бұл мен үшін ерекше арман, себебі Nordschleife – жарыс өткізуге ең көп қалаған трассаларымның басында тұр. «Солтүстік ілмек» – аса қиын шеңбер, мұнда әр жүргізушіден ең жоғары дайындық талап етіледі. Шынымды айтсам, рөлге отыруға асығып тұрмын!»
Ферстаппеннің endurance-жарыстарға қадам басуы – оның кәсіби жолындағы жаңа белес. Формула-1 чемпионы тек өз сериясында ғана үстемдік етіп қоймай, түрлі автоспорт бағыттарында да шеберлігін жетілдіруде.
Nordschleife / «Солтүстік ілмек» Нюрбургрингі – әлемдегі ең қауіпті әрі техникалық күрделі трассалардың бірі. Мұнда табысқа жету үшін жүргізушіден төзімділік, дәлдік және батыл шешімдер талап етіледі. Ферстаппен үшін бұл – өзін жаңа деңгейде сынап көру мүмкіндігі.