Көлік иелеріне өтемақы төленетін болды. Сонымен қатар, мердігер компанияға айыппұл салынды.
Шымкент қаласында жауын-шашыннан кейін асфальт опырылып, бірнеше көлік шұңқырға түсіп кетті. Оқиға Күншығыс шағынауданында болған. Мердігер компания көлік иелеріне өтемақы төлеп, жолды қалпына келтіруге міндеттелді.
«Міне, бізде жол осылай салынады. Шұңқырды қазып, үстін аздап топырақпен жабады. Ал жаңбыр жауса, бәрі опырылады. Енді көлік соған түсіп отыр. Бұған кім жауап береді?» — дейді видео авторы.
Әл-Фараби ауданы әкімдігінің мәліметінше, опырылған жердің астында бұған дейін «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС тапсырысымен ауызсу құбыры тартылған. Жер қазу жұмыстары аяқталған соң, мердігер ұйым жолды уақытша қалпына келтірген. Алайда жауын-шашыннан кейін топырақ шөгіп, асфальт бөлігі опырылып түскен.
Әкімдік өкілдері мәлімдегендей, мердігер компания жауапкершілікті мойнына алып, зақымданған көлік иелеріне өтемақы төлейді.
«Опырылу салдарынан бірнеше көлік зардап шекті. Мердігер ұйым келтірілген шығынды өтеді және жолды қалпына келтіру жұмыстары өздеріне жүктелді», — деп хабарлады әкімдік.
Оқиға бойынша полиция да тексеріс жүргізіп, мердігер компанияға әкімшілік айыппұл салды.