Наурыздың несібесі ме? Жаңа көліктер арзанға сатылып жатыр
Жуырда отандық дилерлер ауқымды акциялар жариялады.
Жыл басынан бері Қазақстанда жаңа көлік бағасы 3–4%-ға қымбаттады. Бірақ наурызда дилерлер ауқымды акциялар жариялап, тұтынушыларға ірі жеңілдіктер ұсынды.
Нарыққа серпін берген — Hyundai
Көктемгі акциялардың негізгі драйвері — кореялық брендтер.
Hyundai бірқатар танымал модельге айтарлықтай жеңілдік жариялады:
- Elantra — шамамен 10 млн теңге (1,5–2 млн үнем);
- Sonata — жеңілдік 2–3 млн теңгеге дейін жетеді;
- Tucson — кей нұсқаларда 3 млн теңгеге арзандады;
- Santa Fe — 2,5–3 млн теңге жеңілдік.
Мысалы, Tucson Prime бұған дейін 18–19 млн теңгеге бағаланса, қазір 15–16 млн теңгеден саудаланып жатыр. Ал 21 млн теңгеден сатылған Santa Fe-ні қазір шамамен 18 млн теңгеге иемденуге болады.
Kia да үлкен жеңілдік жасады
Kia бренді де көктемгі науқанды белсенді жүргізуде:
- Cerato — шамамен 10 млн;
- Seltos — 11 млн теңгеден басталады;
- Sportage — 4–4,5 млн теңгеге дейін арзандады;
- K5, Sorento — 4 млн теңгеге дейін жеңілдік;
- K8 — 4–5 млн теңге жеңілдік.
Мұндай шараның басты мақсаты — 2025 жылғы көліктерді тезірек сату.
Қытай брендтері: басқа стратегия
Қытайлық автоөндірушілер арасында Changan көбіне жеңілдік емес, төмен пайызды несие (0,1%) арқылы клиент тартуда.
Ал Geely нақты бағаны төмендетуге барған:
- Galaxy Preface — 9,9 млн (бұрын - 11,8 млн)
- Cityray — 8,9 млн (бұрын - 10,9 млн)
- EX5 (электрмобиль) — 11,9 млн (бұрын - 14,4 млн)
Бұл акциялар 31 наурызға дейін жалғасады.
Премиум сегмент өзгеріссіз қалды. Toyota, Lexus, Mercedes-Benz және BMW сияқты брендтерде айтарлықтай жеңілдіктер жоқ.