19 жастағы F1 жұлдызы рекорд орнатқанымен жеңісін тойлай алмады
"Формула-1" әлемінде жарқ еткен жас жұлдыз Кими Антонелли Жапония Гран-приінде тарихи жеңіске жеткенімен жеңісті дәстүрлі шампанмен атап өте алмады.
Шампан ішуге рұқсат берілмеді
"Мерседес" командасының италиялық пилоты Кими Антонелли Жапония Гран-приінен кейін подиумда әдеттегі жеңіс рәсімін толық орындай алған жоқ. Себебі Жапонияда 20 жасқа дейін алкоголь ішуге рұқсат жоқ. Ал жарыс өткен сәтте Антонелли небәрі 19 жас 216 күндік болған. Осыған байланысты ұйымдастырушылар оған дәстүрлі шампанның орнына қызғылт түсті газдалған су ұсынған.
Ал екінші орын алған Оскар Пиастри мен үшінші сатыға көтерілген Шарль Леклер жеңісті әдеттегідей жарқыраған шараппен атап өткен.
Жас талант "Формула-1" тарихына енді
19 жастағы Кими Антонелли Жапониядағы жеңісінен кейін қатарынан екінші Гран-при кезеңінде топ жарып, "Формула-1" тарихындағы чемпионат көшін бастаған ең жас пилот атанды. Осылайша бұған дейінгі рекорд иесі Льюис Хэмилтонның көрсеткішін жаңартты. Бұрын британиялық шабандоз чемпионат көшбасшысы атанғанда 22 жаста болған.
Антонелли бұл жарысқа сенімді кірісті. Ол іріктеу кезеңінде поул-позицияны жеңіп алып, басты фавориттердің бірі саналды. Алайда жарыс барысында жағдай күрделеніп, италиялық пилот бір сәтте алтыншы орынға дейін төмендеп кетті.
Соған қарамастан трассадағы апат пен қауіпсіздік көлігінің шығуы Кимиге тиімді сәт сыйлады. Ол дер кезінде пит-стопқа кіріп, жоғалтқан позицияларын қайта қалпына келтіріп, ақыры жеңіске жетті.