Маңғыстау облысында өткен аптадан бері көгілдір отын тапшы.
Өңірдегі кейбір бекет жабылып қалған. Lada.kz хабарлауынша, көлік иелері күз келгелі сұйытылған газ жетпей жатыр деп шағымданып жүрген көрінеді. Автогаз алдыңғы аптада тағы таусылып қалған. Ал жауапты органдар әзірше бұған қатысты еш пікір білдірмеді.
Осыған ұқсас жағдай Батыс Қазақстан облысында да болып жатыр. Оралда кейбір пысықай кәсіпкерлер осы бір жағдайды пайдаланып қалуға тырысып, автогаз іздеп барған жүргізушіні газдан бөлек, тағы басқа тауар сатып алуға міндеттейді екен.
Атыраудағы газ құятын бекеттер отынды тек талонмен беріп жатыр.
Шенділер бұл мәселе Атырау мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмыстары аяқталғанда, яғни ай аяғына қарай шешіледі деп отыр. Зауыт өкілдері 23-ші қазанда дизель мен АИ-92 маркалы бензин шығаратын қондырғыны уақытынан ерте орнаттық деген еді. Бірақ кәсіпорында газ өндірісі қалай жүріп жатқаны белгісіз.