Škoda арзан электркроссовер өндірісін бастады

Редактор Penalty.kz
24.01.2025, 20:19

Elroq-тың Еуропадағы бағасы 33 мың еуродан басталады.

kolesa.kz

Škoda былтыр күзде таныстырған шағын электркроссоверінің өндірісін бастағанын жариялады. Модель брендтің Млада-Болеслав қаласындағы негізгі зауытында конвейерге тұрды. Škoda күніне 600 электрокар шығаруды жоспарлап отыр, деп жазады kolesa.kz.

Elroq үлкенірек Enyaq электрокарымен бірге жасалады. Мұнда Octavia да шығады, бірақ былтыр бұл модельдің бір бөлігі Чехиядағы Квасина қаласындағы кәсіпорынға ауысты. Осылайша Škoda жаңа модельдің бренд үшін стратегиялық маңызы бар екенін көрсетті.

Млада-Болеславтағы зауытта Škoda электрокарларына ғана емес, Volkswagen концернінің MEB платформасындағы басқа көліктеріне арналған батарея да жасалады. Былтыр желтоқсанда өндіріс көлемі миллион аккумуляторға жетті.

Компанияның болжамы бойынша Škoda Elroq Еуропадағы кейбір нарықта ең арзан электрокар болады, базалық комплектациясы ауқымды және жүріс қоры ұзаққа жетеді. Elroq 170-286 ат күшіне ие бірнеше күштік құрылыммен және сыйымдылығы 82 кВт⋅сағ аккумулятормен жабдықталады. Кроссовердің WLTP циклі бойынша жүріс қоры 581 шақырымға жетеді.

Компания мәліметінше, 2024 жылдың аяғына дейін Elroq моделіне 20 мыңнан астам алдын ала тапсырыс түскен.