Оразхан Манабаева француздардың назарына қалай іліккенін білмейді.
Францияның ARTE телеарнасы 40 жылдан бері көлік жүргізетін қазақ әжей туралы деректі фильм түсірді. Онда Оразхан Манабаева рульде отырғанда өзін өте жақсы сезінетінін, тіпті ауырғанын да ұмытып кететінін айтады.
"Рульде отырғанда өзімді өте жақсы сезінемін. Саспаймын, тыныш отырамын. Көлікте өзімді сергек сезінемін. Кейде ауырып қалсам, ауырғанымды да ұмытып кетемін. Бұл – менің сүйікті мамандығым", - дейді әжей.
Оразхан Манабаева есімді әжей Абай облысы, Үржар ауданы, Аягөз қаласының тұрғыны. 1985 жылдан бері көлік жүргізіп келеді екен. Бұл туралы жуырда Qazaqstan тееларнасы берген сұхбатында айтып берді.
"1984 жылы Аягөздегі автомектепте оқып, 1985 жылдан бері қарай темір тұлпарды тізгіндеп келемін. Осы 40 жыл ішінде бірде-бір рет айыппұл алмадым. Ең алғашқы көлігім – "Запорожец". Ақсақал екеуіміз жақсы жұмыс істегеніміз үшін көлік берді. Қазір Toyota 35 көлігін айдап жүрмін. 40 жылда 8 көлік ауыстырдым. Немере-шөберені мектепке тасып, кейде такси жүргізушісі боламын", - дейді әжей.
Оразхан Манабаева – ел ішінде танымал. Алайда француздардың назарына қалай іліккенін білмейді. Әжей кәсібіне қызығушылық танытатын адамдар тек Қазақстаннан емес шет мемлекеттерден өздері іздеп келетінін жеткізді.