«Газпромнефть-Казахстан» компаниясы жанармайды кем құйғаны үшін 3 миллион теңгеге айыппұл төлеуі тиіс
Алматы қаласы бойынша Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті департаментінің тексерісі барысында ТОО «Газпромнефть-Казахстан Операционная компания» жанармай құю бекетінде АИ-95-К4 маркалы бензинді өлшеу талаптары бұзылғаны анықталды. Нәтижесінде, 20 литр жанармайдан 100 миллилитр кем құйылып, бұл белгіленген стандарттарға қайшы деп танылды.
Жанармай бекеттеріндегі мұндай бұзушылықтар ҚР «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» заңының 19-бабын бұзу болып саналады. Осыған байланысты «Газпромнефть-Казахстан» компаниясына 3 145 600 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Егер жанармай құю бекеттерінде жанар-жағармайдың кем құйылу фактісіне тап болсаңыз, тұтынушылар Техникалық реттеу және метрология комитетіне (ТРМК) шағым түсіре алады. Ол үшін чекті сақтап, бекеттің атауы мен мекенжайын есте сақтау жеткілікті.