Айгүл Иманбаева қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында, табиғаты көркем Қатонқарағай өңірінде анасымен бірге демалып жатыр. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында анасына арналған жүрекжарды жазбасын жариялап, көпшілікті толқытты.
"Анам күн сайын көз алдымда қартая түсуде. Қаншама жұмыстың ортасында жүрсем де, қолым қалт еткен сәтте анамның қасынан табылуға тырысамын. Соңғы кездері әрбір уақытымды анаммен бірге өткізуге барымды салып жүрмін.
Шынымен де, адам жасы ұлғайған сайын бала секілді еркелей бастайды екен. Өткен өмірін еске алып, кейде жылап алады, кейде қуанып шаттанады. Анамның жанында ұйықтап, таңды қарсы алған әр күнім – мен үшін шексіз бақыт", – деп жазды өнер иесі.
Иманбаева өзінің жазбасында анасының кітапқа деген ерекше ынтасын да атап өтті. Қазір олар "Жанат" шипажайында күнге арқасын төсеп, демалып жатқан сәтте де анасы кітап оқуды ұмытпайды екен.
"Кітапты қолынан тастамайды. Көзі ауырып кетсе де оқудан бас тартпайды. Бір оқыған кітабын бірнеше рет қайтара оқитын да кездері болады. Осындай білімге деген құштарлықты мен де анамнан үйреніп өстім", – дейді Айгүл Иманбаева.