Танымал эстрада әншісі Мәдина Сәдуақасова соңғы уақытта ел ішінде қызу талқыланған оқиғаға қатысты өз пікірін білдіріп, әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жары Мөлдір Мұқановаға қолдау көрсетті.
Әнші Мәдина Сәдуақасова әлеуметтік желі арқылы Мөлдір Мұқановамен бірге Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барған сәтінен сурет жариялады. Кесене — рухани тазару мен тілек тілеудің киелі орны саналады.
“Жаным Мөлдір, бәрі жақсы болады. Қасиетті, киелі жерге келіп тұрмыз. Барлық тілектеріміз қабыл болсын”, — деп жазды әнші.
Соңғы уақытта әлеуметтік желіде Тұрсынбек Қабатов пен Мөлдір Мұқанованың отбасы жағдайына қатысты түрлі пікірлер мен қауесеттер көбейіп кеткен. Кейбір желі қолданушылары әзілкештің екінші рет үйленгені жөнінде бейресми ақпараттар таратып, бұл тақырып қызу пікірталас тудырған болатын.
Мәдина Сәдуақасованың бұл қолдауы — шығармашылық ортада бірлік пен түсіністік барын көрсетеді. Әншінің жанашырлық танытып, ел алдында Мөлдірге демеу беруі көпшілік тарапынан оң бағаланды.