Қазақ эстрадасының танымал жұлдызы Ерке Есмахан әлеуметтік желідегі жанкүйерлерінен келген сұрақтарға жауап беріп, жас жолдасымен қарым-қатынасы, қартаюға көзқарасы және жоспарлаған сапары жайлы айтты.
Жанкүйерлердің бірі психологтардың Ерке жайлы: “Ол күйеуін алдай алады” деген пікірі барын айтып, осыған көзқарасын сұраған. Бұл пікірге әнші келесідей жауап қатты:
“Қателеседі олар. Ешкімді алдамаймын. Мен сүйгенді сүйемін. Психологтарға айтарым: Әйелдерге еркектің өзін емес, оған деген махаббатты сүюді үйретіңіздер.
Себебі еркекті жақсы көрем деп, таусыласыз. Ал егер оған деген махаббатты сүйсеңіз — жүрегіңіз сезімге толады, жүзіңіз нұрланып, айналаңыз гүлдейді, арадағы махаббат ұлғаяды.
Адамға емес, сезімге ғашық болыңыз. Сонда ер адам сізге ғашық болады”, – дейді Ерке Есмахан.
Пайдаланушылардың бірі Еркеден “Қартаюдан қорқасыз ба?” деп сұрады. Әнші бұл сауалға философиялық және ашық жауап қайырды:
“Жоқ, Алла жазса, қартаюды, әже мен ата болуды, немерелер мен балаларды сүюді нәсіп етсін. Егер сіз сыртқы сұлулықтың кетуі туралы сұрап отырсаңыз, мен одан да қорықпаймын.
Мысалы, сіз қартайған Мэрилин Монроны көрдіңіз бе? Жоқ. Себебі ол 36 жасында қайтыс болды. Біз оны жас қалпында есте сақтаймыз. Бұл жерде бір ғана таңдау болу керек деп ойлаймын”.
Ерке өз салмағы жайлы да айтты. Қазір 60 кг, алдағы уақытта тағы 5 кг тастап, сахнаға мүлде жаңа бейнемен оралуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар ерлі-зайыптылар тағы да сапарға жиналып жатыр.
“Күйеуім бір жаққа билет алып қойды. Әлі уақыт бар. Бірақ мен бұл күнді асыға күтіп жүрмін”, – деді әнші.