Бір жыл бұрын танымал қазақстандық боксшы Жанқош Тұраровқа зорлық жасады деп айып таққан Әнару Қалдыбек (Құрманәлиева) қайтадан көпшілік алдына шықты.
Әлеуметтік желідегі жазбасында ол өзін жыл бұрын болған жол апатынан кейінгі суретін жариялады. Сондай-ақ, бастан кешкен қиындықтары туралы айтып, қолында бар фото және видео дәлелдерді жариялауы мүмкін екенін ескертті.
"Мен 2024 жылдың тамызында жол апатына түскенімде осындай күйде едім. Бұндай суреттерім көп. Тіпті бір адамнан көрген қорлықтың видеосы да бар. Қаласаңыздар, біртіндеп жариялаймын", – деп жазды ол.
Әнару Қалдыбектің айтуынша, ол Жанқош Тұраровтан жеті жыл бойы қорлық көргенін тағы қайталады.
"Осы жылдар ішінде ол мені қорқытып, бопсалап, алдап келді. Өмірімді құлдыратқанын мойындаймын. Әйелі екіқабат екенін білмей, оған сеніп араласқанмын. Кейін оның зорлығына қалай тап болғанымды өзім де түсінбей қалдым", – дейді ол.
Айта кетейік, 2023 жылдың тамызында әлеуметтік желілерде Жанқош Тұраров Әнару Қалдыбекті зорлады деген ақпарат тараған. Алматы полициясы бұл деректі растап, қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеген.
Биыл көктемде Әнару Қалдыбек тергеу әлі жүріп жатқанын айтқан еді. Ал қазіргі жазбасында ол барлығынан шаршағанын, ауыр кезеңді өткеріп жатқанын жеткізді.