Белгілі актриса Жұлдыз Әбдукәрімова өзінің бірнеше жыл бұрынғы өміріне оралып, сол кезеңнің қаншалықты күрделі болғанын айтты. Ол бұл туралы жеке парақшасында жазып, жанкүйерлерін ойға қалдырды.
Актрисаның қызы Алау Нұртас інісін мектепке өзі дайындап, алғаш рет киім таңдауға барғанын бөлісті.
«Өмірімде алғаш рет мектепке анамсыз дайындалдым. Өзімді ересек әрі жауапты сезіндім. Барлығын өзім шешу – не алу, не алмауды таңдау маған қызық көрінді. Бұл – үлкен өмірге кішкентай қадам жасағандай әсер қалдырды», — деп жазды ол.
Актриса осы сәттен кейін балаларының бір-біріне деген қамқорлығына тәнті болғанын жеткізді.
«Ол кездері қатарластарым мансап қуып жүргенде, мен бар уақытымды балаларға арнадым. Мейірім мен махаббатымды аямадым. Бұл – бүгінгі жетістігімнің бастауы. 3-4 жыл бұрынғы уақытымды еске алсам, ол тіпті қорқынышты әрі қиын болғанын түсінемін. Бірақ дәл сол кезең мені шыңдап, бүгінгі күнімді бағалауға үйретті. Аллаға шүкір, ендігі жолымда 5 жұлдызыммен бірге одан да батыл, бақытты әрі мықты боламын», — деді ол.