Ертең Орталық стадионда өтетін тарихи концертке 27 мың көрермен келеді деп күтілуде
Әйгілі Backstreet Boys тобы Алматыға келді. Әуежайда оларды ұлттық дәстүрмен қарсы алып, қазақы тақия мен «Қазақстан» шоколады сыйға тартылды. Енді қала тұрғындары мен қонақтарын көптен күткен концерт күтіп тұр.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнекадрларда америкалық музыканттарды жылы шыраймен қарсы алған сәт көрініс тапты.
19 қыркүйекте өтетін концерт Алматының Орталық стадионында ұйымдастырылады. Қазір сахна тұрғызылып, дыбыс пен жарық қондырғылары орнатылуда. Стадион аумағы бірнеше фан-аймаққа бөлініп, көрермендердің қауіпсіздігі мен жайлылығына жағдай жасалуда.
Орталық стадионның жасыл желегін сақтау үшін арнайы қорғаныш жабындысы дайындалған. Ал іс-шара кезінде тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 2100-ден астам полиция қызметкері, 500 Ұлттық гвардия әскері және 200 күзетші жұмылдырылады.
Алматы әкімдігі концерт барысында басты назар көрермендердің қауіпсіздігіне, ұйымдастыру сапасына және инфрақұрылымның дұрыс жұмыс істеуіне аударылатынын мәлімдеді.
27 мың көрермен жинайтын бұл шоу — Қазақстан үшін ерекше мәдени оқиға. Backstreet Boys – 90-жылдардың символына айналған әлемдік поп-музыка аңыздары.