Әнші әрі актриса Мөлдір Мұқанова белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовпен ресми түрде ажырасқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында айтты.
«Біздің заңды некеміз бұзылды. Екеуіміз екі жаққа кеттік. Он төрт жыл бойы үндемей келдім, үміттендім. Балаларымның жылағанын көргенше өзім жылайын дедім. Отбасымызды сақтап қалуға тырыстым, бірақ болмады», – деді Мұқанова.
Мөлдірдің айтуынша, отбасындағы салқындық он төрт жыл бұрын басталған.
«Мен ешқашан дауыс көтерген емеспін, балаларымның алдында ұрыс болған жоқ. Әрдайым сөйлесейік деп тырысатынмын, бірақ ол үндемей кететін. Осы жағдай жылдар бойы қайталанып келді», – дейді ол.
Ол өз сөзінде Тұрсынбектен ешқашан себебін нақты естімегенін де айтады:
«Мен мінсізмін демеймін. Бірақ неге бұлай болғанын түсінбеймін. “Менің тарапымнан қандай қателік кетті?” деп сұрадым, нақты жауап болмады.»
Мөлдір Мұқанова алғашқы күдіктің әлеуметтік желідегі пікір арқылы келгенін еске алды:
«Түнгі төрттің шамасында ұйықтай алмай, телефонымды қарасам, біреу “Күйеуіңіздің жүрісі туралы естідіңіз бе?” деп жазыпты. “Ол қазір көңілдесімен жүр, оған пәтер, көлік, қымбат шуба мен бриллиант сыйлады” деп жазған. Ол кезде бала емізіп жүргенмін, әлсіз болдым. Сөзіне сене алмадым, бәрін өтірік деп ойладым.»
Әзілкештің гастрольден келгенін күткен Мөлдір әңгімені бірден қозғамағанын айтады.
«“Бұл өтірік шығар, Тұрсынбек ондай істемейді” деп өзімді жұбаттым. Бірақ уақыт өте келе ақпараттар көбейе берді», – дейді ол.
Мөлдірдің айтуынша, Тұрсынбек Қабатов бастапқыда бәрін жоққа шығарғанымен, кейін қателігін мойындаған.
«Ол “Иә, сондай болды. Қателік жасадым, бірақ бәрі артта қалды” деді. Мен сендім. “Кім қателеспейді?” деп ойладым. Бірақ жүрегімдегі сыздау әлі кетпеді. Мен оны қатты жақсы көрдім», – дейді Мұқанова көзіне жас алып.