Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің порталында Екатерина Биволға қатысты ақпарат жарияланды.
Ақпаратқа сүйенсек, 1990 жылы туған Екатерина Биволға қатысты іздестіру ісі 1 қарашада Астанада тіркелген.
Оған Қазақстанның Ішкі істер министрлігі іздеу жариялаған. Ал іздестіру жұмыстарын Байқоңыр ауданының полиция басқармасы жүргізеді.

Сондай-ақ Екатерина Бивол ТМД азаматы екені көрсетілген.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Екатерина Биволға іздеу жариялады.
Бұған дейін Бішкек қалалық соты боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы жұбайы Екатерина Биволды сырттай қамауға алу туралы шешім шығарып, халықаралық іздеу жариялады. Әлеуметтік желілерде әйелдің қырғыз халқын балағаттаған видеолары тарап, ел ашуын тудырған еді.