Жаңа талаптарға сәйкес, Қазақстанда онлайн түрде несие беру тоқтатылады.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов «Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасына енгізілген маңызды өзгерістер туралы мәлімдеді. Жаңа талаптарға сәйкес, Қазақстанда онлайн түрде несие беру тоқтатылады. Бұл туралы kz.kursiv.media хабарлады.
Депутаттың айтуынша, Мәжілістің биылғы соңғы отырысында өзі және әріптесі Бақытжан Базарбек ұсынған барлық түзетулер заң жобасында толық сақталған.
«Біз оның бәрін бақылап отырдық. Егер оны кімде-кім өзгерткісі келсе, біз үндемей отырмаймыз. Біз оңды-солды несие бере беретін банктерге шектеу қойдық. Ендігәрі банктер ешқандай онлайн кредит бере алмайды. Міндетті түрде аяғыңмен банкке баруың керек, міндетті түрде қол қою керек. Міндетті түрде өз айлығың туралы ақпаратты банктерге апаруың керек. Өйтпесең несие беруге болмайды дедік. Баяғыда оларға жеңілдік беріп қойғанбыз. Оны толығымен шектедік», — деді Мұрат Әбенов.
Әбенов коронавирус кезеңінде банктердің электронды үкімет жүйесіне қосылғанын еске салды. Оның айтуынша, бұл жеке деректердің қауіпсіздігіне қатысты тәуекелдер тудырған.
«Кез келген банк қызметкерлері бізге айтпай, құжаттарымызды көріп, әрекеттер жасауы мүмкін. Сол себепті біз заңға өзгеріс енгіздік. Бүкіл тексеру тек Ұлттық банк арқылы өтуі керек. Каспий банктен ондай құқықты алып тастауымыз керек. Олардың еговқа кіруге құқығы жоқ. Еговмобайлдан алайын. Каспий банк жеке компания. Крыша да, Колесо да кіріп жатыр. Олар жеке мәліметтерді қалай пайдаланатынын қайдан білеміз», — деді депутат.
Жаңа заң бойынша антифрод жүйесінен немесе биометриялық тексеруден өтпей рәсімделген кредиттер жойылуы тиіс. Егер клиент сотқа жүгінсе, банк 10 күн ішінде:
Мәжіліс бүгін Сенат депутаттарының «Банктер және банк қызметі туралы» заңға енгізген түзетулермен келісті. Сенат ұсынған өзгерістер нақтылау сипатында болып, заң жобасының жалпы тұжырымдамасын өзгертпейді. Осылайша жаңа заң президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қоюына жіберілді.