Қуандық Бишімбаевтың ісін қараған судья үздік шахматшы атанды

Редактор Penalty.kz
Бүгін, 04:20

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Айжан Күлбаева шахмат турнирінде жеңімпаз атанды. Бұл туралы елордалық соттардың баспасөз қызметі хабарлады. 

astana.sud.kz

Астана қаласындағы Қазақстан судьялар одағы филиалы спорттық жарыс өткізді. Оның бағдарламасына волейбол, үстел теннисі, шахмат және дойбы кірді.

Жарысқа Қазақстан Республикасының сот әкімшілігі, Әскери сот, қалалық сот және аудандық соттардың командалары қатысты.

Шахмат турнирінде әйелдер арасында ең жоғары нәтиже көрсеткен Айжан Күлбаева жеңімпаз атанды. Ол бұрын экс-министр Қуандық Бишімбаевтың атышулы ісін қараған судья ретінде танымал.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, екінші орынды Астана қалалық ювеналды сотының төрайымы Лейла Зинашева иеленді.

Еске сала кетейік, былтыр қазан айында Айжан Күлбаева ҚР Жоғарғы соты тарапынан "Мінсіз қызметі үшін" II дәрежелі медалімен марапатталды. Бұл марапат оның көпжылдық адал еңбегі мен сот жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін берілді.

Қуандық Бишімбаев ісі судьяны кәсіби тұрғыда шыңдады

Бұған дейін Астанада өткен XI судьялар съезінде Айжан Күлбаева Қуандық Бишімбаев ісі туралы пікірін білдірген. Ол бұл процестің өзін кәсіби тұрғыда тәртіпке салғанын және сот жүйесіндегі кейбір олқылықтарды көрсеткенін атап өтті.

"Бұл іс мені көп нәрсе туралы ойлануға мәжбүрледі", – деп мойындаған болатын ол.

Сондай-ақ, судья сот жүйесінде табысқа жету үшін қажетті қасиеттер туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, стресске төзімділік, табандылық және детальдарды есте сақтау қабілеті – кәсіби судья үшін аса маңызды.