Балқаш қаласында Наурыз мейрамына арналған халықтық серуен кезінде күтпеген оқиға болды. Мәдениет сарайының артындағы алаңда ұйымдастырылған мерекелік шара экшн-сценарийге айналды.
Куәгерлердің айтуынша, арба жегілген түйе аяқ астынан жүгіруге, тіпті секіруге көшкен. Оны жетектеп келе жатқан малшы жануарды тоқтатуға тырысқанымен бір сәтте түйенің аяғының астында қалып, кейін арба доңғалағының астына түсіп кеткен.
Оқиға куәгерлері алаңдағы ата-аналар балаларын қолына ала сала қашуға мәжбүр болғанын жеткізуде. Қауіпсіздік сақталмағандықтан мерекелік көңіл-күй үрей мен дүрбелеңге ұласты.
Куәгерлердің айтуынша, малшы тірі. Бірақ оның жағдайы нақты анықталған жоқ. Әзірге дәрігерлер тарапынан ресми ақпарат берілген жоқ.
Оқиғадан кейін Балқаш қаласының әкімдігі түйе иесіне қатысты әкімшілік іс қозғалғанын мәлімдеді.
“Балқаш қаласының тұрғыны – түйе иесі, ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау және қоғамдық тәртіпті сақтау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, – делінген ресми хабарламада.