Реклама
Реклама

"Ливерпуль" алғашқы ойында "Атлетико Мадридті" тізе бүктірді

Сарапшы, спорт журналисі
18.09.2025, 02:32

Энфилдте өткен кездесуде алаң қожайындары испаниялықтарды 3:2 есебімен жеңді.

Sports24.kz

Чемпиондар лигасының алғашқы турында ең тартысты ойындардың бірі Ливерпульдегі «Энфилдте» өтті. Мерсисайдтық клуб кездесудің алғашқы 6 минутында екі гол айырмасымен алға суырылып шықты. Алайда қарсылас есепті теңестіріп кетті. Алаң иелері тек ойынның 90+2 минутында соғылған голдың арқасында «Атлетикодан» 3:2 есебімен жеңісті жұлып әкетті.

Ойын барысы

Англия мен Испанияның алып клубтары арасындағы кездесуді италиялық төреші Маурицио Мариани басқарды. Ойын басталысымен алаң иелері қарсыласын қысымға алып, жылдам голдарымен жанкүйерлерін дүр сілкіндірді.

  • 4-минутта Мұхаммед Салахтың айып добынан кейін Эндрю Робертсон баспен соққы жасап, есеп ашты.
  • 6-минутта Салах өзі де мергендігін көрсетіп, артықшылықты еселеді – 2:0.
Фото: epe.es

Алайда «Атлетико» өзіне тән табандылық танытты.

  • 45+3-минутта Маркос Льоренте есепті қысқартты.
  • 81-минутта сол Льоренте дубль авторы атанып, таразы басын теңестірді – 2:2.

Барлығы тең аяқталады деген сәтте, 90+2-минутта «Ливерпульдің» капитаны Вирджил ван Дейк бұрыштамадан келген допты голға айналдырып, командасына 3 ұпай сыйлады. 

Фото: Liverpool.com

Айта кетерлік бір жайт, дәл осы голдан кейін «Атлетико» бас бапкері Диего Симеоне алаң жиегінде ашуға булықты. Осыған байланысты төрешілер тарапынан қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. 

Реклама
Реклама