20 жастағы қазақ киберспортшысы Данил «molodoy» Голубенко Сербияда өткен FISSURE PLAYGROUND 2 турнирінде MVP атанды. Сонымен қатар командасымен бірге $500 мың жүлде қорын сарапқа салған додада чемпион атанды.
Қазақстандық киберспортшы Данил «molodoy» Голубенко Counter-Strike аренасында тарих жазды. Ол Сербияда өткен FISSURE PLAYGROUND 2 турнирінде MVP атанып, командасымен бірге жарты миллион долларлық жүлде қорын жеңіп алды.
FISSURE PLAYGROUND 2 турнирі 12–21 қыркүйек аралығында Сербияда өтті. Оған әлемнің үздік ұжымдары қатысып, жалпы жүлде қоры $500 000 болды.
Финалда FURIA Esports ұйымы The Mongolz командасын 3:2 есебімен тізе бүктіріп, басты жүлде – $200 000-ды қанжығасына байлады.
Қазақстандық снайпер турнирде 18 карт ойнап, орташа жеке рейтингі 1,19 көрсеткішін тіркеді. Оның ішінде небәрі үш ойынды ғана теріс көрсеткішпен аяқтаған.
Осы нәтиже оған HLTV.org нұсқасы бойынша MVP атағын сыйлады. Бұл – Данил Голубенконың кәсіби карьерасындағы алғашқы жеке марапаты.
Айта кетейік, жуырда ол HLTV.org рейтингінде әлемнің ең перспективалы 10 ойыншысының қатарына енген еді.