Креатин қауіпті деген пікірге қарамастан, 30 жылдық зерттеулер оның спортшылармен қатар қарттарға, вегетариандарға және жасөспірімдерге де пайдалы, қауіпсіз қоспа екенін дәлелдеді.
Креатин – ағзада табиғи түрде түзілетін зат. Ол бұлшықетке ғана емес, ми жасушаларына да энергия береді. Техас A&M университетінің "Спорттық тамақтану және жаттығу" зертханасының директоры, профессор Ричард Крейдер (Richard Kreider) бұл затты 30 жылдан астам уақыт бойы зерттеп келеді.
"Ағза күйзеліс жағдайында – мысалы, ауыр жаттығу кезінде – жасушадағы энергияны сақтау үшін креатин фосфаты қажет", сондықтан креатин физикалық көрсеткіштерден бөлек, денсаулыққа қорғаныс әсерін береді”– дейді Крейдер.
Креатиннің ең аз зерттелген, бірақ маңызды әсерлерінің бірі – оның когнитивті (ойлау және есте сақтау) функцияларға көмектесуі. Ми жасушалары энергияны көп тұтынады, ал креатин осы энергияны тұрақтандыруға көмектеседі. Бұл әсіресе қартайған шақта маңызды.
Адам ағзасы күн сайын шамамен 1 грамм креатин өндіреді. Бірақ бұл жеткіліксіз болуы мүмкін. Крейдердің айтуынша, күнделікті 2-4 грамм креатин қабылдау ұсынылады. Ет пен балық – басты табиғи көздері, бірақ қажетті мөлшерге жету үшін өте көп калория тұтыну қажет болады.
"Мысалы, жарты келі сиыр етінен немесе лосось балығынан шамамен 1 грамм креатин ғана алуға болады. Бұл тым көп калория мен шығын", – дейді Крейдер.
Креатин қоспасы әсіресе ет жемейтіндерге – вегетариандар мен вегандарға – пайдалы. Сондай-ақ кәсіби спортпен шұғылданатындар дәрігердің кеңесімен күніне 5-10 граммға дейінгі мөлшерде қабылдауы мүмкін. Бұлшықет массасын арттыру, қалпына келу процесін жылдамдату және жалпы өнімділікті көтеру үшін.
Ғалымдар креатиннің пайдалы әсерін жасөспірімдер арасында да анықтады: оның жеткіліксіздігі баяу өсуге, бұлшықет массасының азаюына және май жиналуына әкелуі мүмкін.
Қарт адамдар үшін креатин бұлшықет жоғалуын баяулатады және когнитивті функцияларды қолдайды. Бұл – мидың қартаюын тежейтін табиғи құрал болуы мүмкін.
2022 жылы Крейдер мен әріптестері креатин туралы 685 клиникалық зерттеуді талдап, Journal of the International Society of Sports Nutrition журналында жариялады. Нәтиже: креатин қабылдағандар мен плацебо (жалған дәрі) ішкендердің арасында кері әсерлер бойынша айырмашылық болмаған.
Крейдердің айтуынша, "Интернетте жиі айтылатын ісіну, тырысу, бүйрекке зиян деген қауесеттер – негізсіз. Зерттеулер мұны растамайды. Керісінше, креатин су балансын жақсартып, тырысуларды азайтады",
Креатин – бұл тек бодибилдингке арналған “ақ ұнтақ” емес. Бұл – ағзаның өзінде өндірілетін, ғылыми негізделген, ми мен бұлшықет саулығына ықпал ететін табиғи қосылыс. Дұрыс қолданылса, ол денсаулыққа шынайы пайда әкеледі – жасқа, диетаға немесе спорт деңгейіне қарамастан.