Қазақстанда жаңа Абдукодир Хусанов табылды

Редактор Penalty.kz
10.04.2025, 14:50

Қазақстан Премьер-Лигасында ойнап жүрген өзбекстандық жас футболшы Бехруз Асқаров жанкүйерлер мен сарапшылардың ерекше назарын аударып отыр.

kazfootball.kz

“Тұрандағы” талант: Хусановтың жолын қайталай ма?

“Қазақстанда өзбек футболының жаңа жас жұлдызы табылды”, – деп жазады өзбектің upl.uz басылымы. Бехруз Асқаров – Шымкенттік “Тұран” клубының жартылай қорғаушысы. Ол бір кездері “Манчестер Сити” сапына ауысқан Абдукодир Хусановтың агенті басқарған агенттікке тиесілі. Журналистердің пайымынша, дәл осы фактор оның Қазақстанға келуіне ықпал еткен.

Асқаров – Ташкенттің әйгілі “Пахтакор” клубының түлегі. Өткен маусымда ол аталған команда сапында 22 матчқа қатысып, түрлі турнирлерде тәжірибе жинады. Сонымен қатар 20 жасқа дейінгі Өзбекстан жастар құрамасының ойыншысы ретінде Азия кубогы мен жастар арасындағы әлем чемпионатында өнер көрсеткен. Ол турнирлерде тіпті капитандық міндетті атқарған.

Көпқырлы ойыншы, шешуші голдар

Асқаровтың клубтық деңгейдегі тағы бір маңызды жетістігі — Азия Чемпиондар Лигасындағы 6 матчтық тәжірибесі. Бұл оның халықаралық деңгейдегі әлеуетін көрсетеді.

Қазақстанға келіп, Премьер-Лигада ойнауға бел буған 22 жастағы ойыншының “Пахтакордан” кетуі көпшілікті таңқалдырды. Бірақ сарапшылардың айтуынша, мұның артында Football Group LLC агенттігінің шешімі тұр. Бұл компания Ұлықбек Асанбаевпен тығыз байланысты. Айта кетейік, дәл осы агенттік Хусановтың трансферімен де айналысқан.

ФОТО: gazeta.uz

“Тұран” — жас таланттар ордасы

Қазір “Тұран” құрамында Асқаровтан бөлек Шохбоз Умаров, Абинур Нурымбет сынды өзге де болашағынан үміт күттіретін ойыншылар бар. Команданың жас және икемді құрамы “Ордабасы” сияқты тәжірибелі клубтармен салыстырғанда ерекше серпін көрсетіп келеді.

Асқаров – әмбебап ойыншы. Ол тірек жартылай қорғаушы, шабуылдаушы хавбек, тіпті үш орталық қорғаушы схемасында сол жақ орталық қорғаушы ретінде де ойнай алады. Оның ойын көру қабілеті жоғары, қарсылас қысымына шыдай алады, ал сол аяғымен жасаған пастары мен соққылары алаңдағы әріптестеріне артықшылық сыйлайды.

Жарқын сәт: “Қызылжарға” қарсы камбэк

Асқаровтың Премьер-Лигадағы ең есте қаларлық ойыны – “Қызылжарға” қарсы матч. Ойынға қосалқы құрамнан шыққан ол әуелі баспен гол соғып, кейін Згурскийге нәтижелі пас беріп, “Тұранға” 3:2 есебімен жеңіс әкелді. Бұл камбэк турдың ең әсерлі сәттерінің бірі ретінде аталды.

Мақсат – ұлттық құрама және жоғары деңгей

Асқаровтың алдында әлі де үлкен мүмкіндіктер бар. “Тұранның” бас бапкері Виталий Жуковский жастармен жұмыс істеуді жақсы меңгерген. Бұл Бехрузға шеберлігін жетілдіруге сеп болуы мүмкін. Сонымен қатар  ойыншыны мотивация да алға жетелейді — Өзбекстан құрамасы 2026 жылы өтетін әлем чемпионатына шығуға жақын. Жастар құрамасында ойнаған Аскаров негізгі құрамға енуге талпынып жүр. Хусановтың Беларусь лигасынан “Манчестер Ситиге” дейін жеткен жолы Асқаровқа да үміт сыйлайды.