Қазақстан құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов өнер көрсететін "Адана Демирспор" клубы Түркияның элиталық дивизионы — Суперлиганың 2024/25 маусымынан кейін бірінші лигаға ауысады.
32-тур аясында "Трабзонспорға" қарсы өткізілген кездесуден кейін "Адана" командасы чемпионаттағы жағдайын түзете алмады. Клубтың нәтижелері оны төменгі лигаға жіберуге себеп болды.
Жанкүйерлердің көңіл-күйіне әсер еткен осы сәттен кейін Абат Айымбетов жеке парақшасында жүректен шыққан пост жариялады. Ол қиын сәттерде де рухты жоғалтпау керектігін жеткізді:
"Мен өмірде көп нәрседен өттім. Ер адам әртүрлі жағдайлармен бетпе-бет келеді. Не болса да, ар-намысты жоғалтпау керек. Біз күшті боламыз", – деп жазды Айымбетов.
Абат Айымбетовтың Түркиядағы келесі қадамы әзірге белгісіз. Ол ҚПЛ мен ұлттық құрамада өзін дәлелдеген футболшы ретінде" Адана" сапына 2024 жылдың қысында қосылған. Енді клубтың бірінші лигаға кетуі футболшының жаңа шешім қабылдауына себеп болуы мүмкін.