Танымал футбол маманы клубтан кету туралы тараған ақпаратқа жауап берді.
“Тараз” футбол клубының бұрынғы спорт директоры, қазір селекциялық жұмысқа жауапты Ұлан Қонысбаев Instagram парақшасы арқылы ресми мәлімдеме жасап, өзінің қызметінен босатылғаны туралы тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты.
“Құрметті жанкүйерлер!
Соңғы күндері менің “Тараз” футбол клубынан кеткенім туралы түрлі әңгімелер тарап жатыр. Осы орайда ресми түрде мәлімдеймін: мен клубтағы жұмысымды жалғастырып жатырмын”, – деп жазды Қонысбаев.
Ол қазір клубтағы селекциялық жұмыстарға тікелей жауапты екенін және басты мақсаттарының бірі – “Тараздың” өз тәрбиеленушілерін командаға қайта тарту екенін атап өтті.
“Қазір басқа клубтарда доп теуіп жүрген өзіміздің талантты футболшылар бар. Оларды қайтару жоспарда тұр. Көпшілігімен жеке араласамын, байланыс үзілген жоқ. Бұл бағыттағы жұмыс нәтижелі болады деп сенемін”, – деді ол.
Ұлан Қонысбаевтың кәсіби мансабы дәл осы “Таразда” басталған. Ол клубқа деген адалдығы мен жауапкершілігін ерекше атап өтті.
“Бұл команда – менің футболдағы алғашқы қадамдарым басталған киелі орда. Сол себепті мен «Тараздың» қайтадан Қазақстан Премьер-Лигасына оралуы үшін барымды саламын”, – деді ол өз жазбасында.