Ресейлік "Крылья Советов" футбол клубының жаңа бас жаттықтырушысы, Қазақстан құрамасының бұрынғы тізгіншісі Магомед Адиев 2025/26 жылғы маусымға арналған жоспарын жария етті.
Адиевтің сөзінше, клубтың алдына қойылған ресми міндет – Ресей Премьер-лигасының үздік сегіздігіне ену. Алайда тәжірибелі маман бұл мақсатқа жетуден бұрын тұрақты әрі жүйелі ойын көрсететін команда қалыптастыруды маңызды санайды.
"Қазіргі құрамда негізгі ойыншылардың көпшілігі сақталған. Бүгінде 12 футболшымыз бар. Бірақ жоғары нәтижеге жету үшін кемінде алты-жеті жаңа ойыншы қажет", — деді бас бапкер.
Сұхбат барысында Адиев Самара облысының тағы бір клубы — "Акронмен" болатын жергілікті бәсекелестікке де тоқталды. Оның айтуынша, клуб басшылығы тарапынан "Акроннан" озық болу жөнінде нақты тапсырма берілмеген. Дегенмен жергілікті дербидің өзіндік маңызын жақсы түсінеді.
"Мұндай ойындарда жанкүйерлер ерекше эмоция күтеді. Сондықтан ‘Крылья’ бұл кездесулерде лайықты деңгейде өнер көрсетуі тиіс", — деді ол.
Еске салайық, 2024/25 маусымында "Крылья Советов" Ресей чемпионатының қорытынды кестесінде 31 ұпаймен 10-орынға тұрақтаған болатын.