2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына іріктеу аясында Қазақстан ұлттық құрамасы өз алаңында Солтүстік Македониядан жеңіліп қалды.
Матчтың бірінші бөлігінде Қазақстан құрамасы алаң иесі ретінде шабуылды белсенді бастады. Ғалымжан Кенжебек қақпа бағанына дәл соққы жасады. Ислам Чесноков пен Максим Самородов та қауіпті мүмкіндіктерге ие болды.
Алайда есепті ашқан — Македония болды. 33-минутта Александар Трайковски айып алаңынан бұрышқа дәл соғып, қонақтарды алға шығарды.
Қазақстан құрамасы екінші таймда да қысымды жалғастырды. Асхат Тағыберген алыстан қауіпті соққы жасап, Данияға салған голын қайталауға шақ қалды. Максим Самородов қақпа маңдайшасын дірілдетсе, Дастан Сәтпаев тағы да бағананы көздеді. Бірақ есеп өзгермеді.
Қазақстан — Солтүстік Македония 0:1 (0:1)
Гол: Трайковски, 33'
Келесі іріктеу матчы 4 қыркүйекте өтеді. Қазақстан өз алаңында Уэльс құрамасын қабылдайды.