"Соларға күніміз қарап тұр!" Белгілі комментатор ұлттық құраманы аяусыз сынға алды

Редактор Penalty.kz
10.06.2025, 12:37

Қазақстан құрамасы Солтүстік Македониядан ұтылды. Бірақ бұл – жай ғана жеңіліс емес, терең жүйелік дағдарыстың беті ашылған сәт. Белгілі комментатор Ермұхаммед Мәулен Fonteam YouTube-арнасында ұлттық құраманың қазіргі ахуалына қатысты өткір пікір білдіріп, бапкер таңдауы, ойыншылардың қартаюы мен федерацияның ұйымдастырушылық қателіктерін ашық сынады.

Фото: Fonteam

Кеше Астана-Аренада өткен Қазақстан — Солтүстік Македония матчынан кейін футбол қауымдастығы мен жанкүйерлер арасында біраз пікірталас туындады. Ойынның нәтижесі ғана емес, ұжымдағы ұйымдастырушылық шешімдер де сынның астында қалды. Белгілі комментатор Ермұхаммед Мәулен Fonteam YouTube-арнасында осыған қатысты жан-жақты пікір білдіріп, біраз былықтың бетін ашып берді. Оның айтуынша, Қазақстан құрамасы қазір жүйелі дағдарысты бастан кешіп отыр.

Айбол Әбікен бабында жүр, бірақ құрамда жоқ

Мәуленнің айтуынша, ұлттық құрама сапында қазір біраз проблема бар. Әсіресе орталық жартылай қорғаушы позициясы қазір өте күрделі жағдайда. Асхат Тағыберген мен Исламбек Қуат секілді тәжірибелі, бірақ жасы келіп қалған ойыншыларға "күніміз қарап тұр" дейді ол. Аталған ойыншылардың орнына лайықты балама бола алатын Айбол Әбікен жарамды күйде болғанымен, шақыртылмаған.

«Айбол Әбікен тұр еді. Қазір бабында еді. Атырауға қарсы ойынды көрдіңіздер – керемет. Оның алдындағы ойында гол соққан, ассист берген. Тамаша ойнап жүрген, бабында жүрген жігіт. Ұлттық құрамаға осы жолы шақырылуы керек еді».

Беларусьпен жолдастық матч: не үшін керек болды?

Ермұхаммед Мәулен Беларустегі жолдастық матчты да сынға алды. Табиғи шөп, ұзақ ұшу, логистикалық қиындықтар және үш күн ішінде екі түрлі алаңда ойнау – мұның бәрі ойыншыларға кері әсер еткенін айтады. "Ойыншылар физикалық тұрғыда дайын болмаған. Әсіресе, тәжірибелі футболшылар — Тағыберген мен Қуат үшін бұл өте ауыр сынақ болды", – дейді ол.

Сол жолдастық матч. Үш күн бұрын сырт алаңда. Оның үстіне не керегі бар? Ойна шақырсайшы! Беларусь жолдастық матч керек пе? Қырғызстанға, Тәжікстанға звонда! Тұрақты клиенттеріміз ғой».

«Сен барып табиғи шөпте ойнап, үш күннен кейін искусственный газонда ойнай салу оңай ма? Алькарас грунтта ойнап, үш күннен кейін Уимблдонға барып ойнамайды ғой. Бұл да сол сияқты. Астана-Аренаға искусственный газонға келмегеніне 536 күн болған. Соңғы рет 2023 жылы 17 қараша күні Сан-Мариномен ойнаған. Содан бері екі жыл өткен», – деді Ермұхаммед Мәулен. 

Ұйымдастырушылық шешімдерге де сын айтылды

Комментатор ФИФА мен УЕФА белгілеген күнтізбе шеңберінде матчты өз алаңымызда, яғни Астана-Аренада өткізуге болар еді деп санайды. Федерация бұл мүмкіндікті пайдалана алмағанын ерекше атап өтті.