
Танымал комментатор ұлттық құраманың шынайы бейнесін әшкереледі. Команда деген бір тілде, бір мүдде үшін күреседі. Ал бізде ше?" — деп ол ұлттық құрамада жұмыс істеп жатқан мамандардың кім екенін, қай тілде сөйлейтінін, қай елге қызмет етіп жатқанын ашық айтты.
Белгілі комментатор Ермұхаммед Мәулен Fonteam YouTube арнасында ұлттық құраманың ішкі жүйесіне, бапкерлік штабқа және командалық рухқа қатысты өте өткір ойын айтты.
Соның ішінде ұлттық құрамадағы ішкі үйлесімсіздікке, нақтырақ айтқанда команда ішіндегі байланыс пен түсіністіктің негізгі діңгегіне ерекше назар аударды.
"Команда деген не? Ол — сен, мен, үшеуміз. Fonteam, жұмыс істейтін адамдар. Бәріміз бір командамыз. Бәріміздің тіліміз бір, ортақ мүддеміз бар. Бәріміздің деңгейіміз бір".
Осы ретте Ермұхаммед Мәулен көпшілікті нақты сұрақ қойып, ойлануға шақырды. Себебі ұлттық құраманың артында әр жақтан жиналған мамандар тұр, дейді ол.
"Айтқаным – айтқан. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Айтып өлейін. Қазақстан ұлттық құрамасын дайындап, алаңға шығарып отырған адамдар кімдер? Сен сұрақ қойдың ба өз-өзіңе? Сен журналистсің ғой! Сен тіміскілеп білуің керек".
"Бас бапкер, ассистенттер, қақпашылар бапкері, физподготовка, массажистер, фитнес инструктор, аналитик, диетолог, менеджер – бәрі бар. Олар кімдер? Арасында өзге мемлекеттің адамдары да бар. Мен Дженнаро Гаттузо келіп, жеті италиялықпен жұмыс істесе түсінер едім. Олар бірін-бірі түсініп, бір тілде сөйлеп, бір мүдде үшін жұмыс істесе", - деген ой білдірді Ермұхаммед Мәулен.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Қазақстан ұлттық құрамасы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Солтүстік Македониядан жеңіліп қалған болатын.