"Жүйкем тозды" - Ермұхамед Мәулен Қазақстан құрамасының баспасөз хатшысы қызметінен кетті

Редактор Penalty.kz
24.06.2025, 16:38

Қазақ футболының ақпараттық жүзін танытқан маман төрт жылдан кейін қызметімен қош айтысты.

instagram/@e.maulen

Қазақстан футболында тағы бір өзгеріс болды. Ұлттық құраманың баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәулен өз еркімен қызметінен кеткенін мәлімдеді. Бұл жайлы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында арнайы жазба жариялады.

"Ұлттық құраманың баспасөз хатшысы болу – спорт журналистикасындағы ең жоғары меженің бірі. Бұл қызметке жету – арман. Мен сол арманға қол жеткізгендердің бірімін", – дейді Ермұхамед.

Төрт бапкермен бірге бір миссиямен

Ермұхамед Мәулен Талғат Байсуфинов, Магомед Адиев, Станислав Черчесов және Әли Әлиевпен бірге ұлттық құраманың түрлі кезеңінде жұмыс істеген. Ол бірде-бір матчты жібермей, баспасөз қызметінің жүгін арқалап, қазақ тілінің насихатына ерекше мән бергенін де атап өтті.

"Қазақ футболы қазақша сөйлесін" деген ұранмен жүрдім. Қай жерде болсам да осы бағыттан таймадым", – дейді ол.

Постында Ермұхамед бұл шешімнің ішкі жан күйзелісінен туғанын жасырмайды. Ол бұдан әрі эмоция мен ойды іште сақтамай, ашық айта алатын кезеңге қадам басқысы келетінін жазған.

"Алқымыма келіп, айтылмай қалған сөздер көп. Бұдан былай ешкімнен қаймықпай, ішкі ойымды ашық жеткізгім келеді", – дейді ол.

“Қазақ футболына деген махаббатым өзгермейді”

Қызметінен кеткенімен, Ермұхамед ұлттық құрамаға деген жанкүйерлік сезімінің сол қалпында қалатынын айтты. Ол өзінің орнына басқа мамандар келетінін, ал футбол ешқашан тоқтамайтынын жеткізді.

"Менсіз де футбол жалғаса береді. Қалғаны – өздеріңе аманат. Қайғы да, қуаныш та өтті. Ең керемет сәттер үшін мың алғыс!"