Шымкенттің "Ордабасы" клубы Конференциялар лигасының іріктеу матчтары алдында негізгі ойыншылардың бірінен айырылып қалды. Команданың қорғаушысы, Молдова ұлттық құрамасының ойыншысы Виктор Мудрак ауыр жарақат алып, операция жасатуға мәжбүр болады.
13-турда өткен “Ордабасы” – “Оқжетпес” кездесуінде (1:0) Виктор Мудрак оң тізе тұсынан жарақат алған. Медициналық тексеріс нәтижесінде оң жақ ішкі менискінің жыртылғаны анықталған.
“Өкінішке қарай “Оқжетпеске” қарсы өткен матчта біздің қорғаушымыз оң тізесінен жарақат алды. Медициналық тексеріс нәтижесінде оның оң жақ бүйір менискі зақымданғаны анықталды. Алдағы күндері Викторға операция жасалып, қалпына келу үдерісі басталады”, – делінген клуб хабарламасында.
Қорғаушының нақты алаңға қайта оралу уақыты әлі белгісіз, бірақ жазғы еурокубоктік кезеңді жіберіп алатыны анық.
“Ордабасы” биылғы Конференциялар лигасының бірінші іріктеу кезеңін 10 шілде күні сырт алаңда Грузияның “Торпедо” (Кутаиси) клубына қарсы өткізеді. Қарымта матч 17 шілдеде Шымкентте өтеді.