АҚШ президенті Дональд Трамп футболдан клубтық әлем чемпионатының түпнұсқа кубогын Ақ үйде қалдырғанын мәлімдеді.
Дональд Трамп FIFA өкілдері кубокты уақытша ұстап тұруды ұсынған соң, оны Сопақ кабинетке қойғанын айтты. Кейін ол FIFA президенті Джанни Инфантиноға кубокты қашан алып кететінін сұраған.
"Олар (FIFA өкілдері): “Кубокты аз уақытқа ұстап тұра аласыз ба?” деді. Біз оны Сопақ кабинетке қойдық. Кейін мен: “Сіздер оны қашан алып кетесіздер?” деп сұрадым. Инфантино: “Біз оны алмаймыз. Ол сізде мәңгі қалсын, біз жаңасын жасаймыз”, – деді. Расымен де, олар жаңа кубок жасады. Бұл өте әсерлі сәт болды. Қазір ол кубок Ақ үйде тұр", – деді Трамп DAZN платформасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, 2025 жылғы клубтық әлем чемпионатының марапаттау рәсімі кезінде Дональд Трамп "Челси" клубының ойыншыларымен бірге подиумда тұрған болатын. Сол кезде ол марапатты табыстау сәтіне арнайы шақырылған қонақ ретінде қатысқан еді.