Ромелу Лукакудың жарақаты "Наполиді" трансферлік нарықта белсендірді. Бельгиялық форвард "Олимпиакосқа" қарсы жолдастық ойында сан жарақатын алды. Осыған байланысты клуб жаңа шабуылшы іздеуге кірісті.
"Наполи" дәрігерлері жарақатты бастапқыда ойлағаннан да күрделірек деп есептейді. Қазір Лукакудың алаңға оралу мерзімі екі аптадан үш айға дейін созылуы мүмкін. Бұл жағдай алдағы маусымға дайындықты айтарлықтай қиындатып отыр.
Бұл жазда "Наполиден" бірден екі шабуылшы – Джованни Симеоне мен Джакомо Распадори кетіп қалды. Нәтижесінде команда құрамында негізгі орталық шабуылшы ретінде тек Лоренцо Лукка қалды. Ол Лукакудың орнына 23 тамызда басталатын жаңа маусымда дебют жасайды.
Президент Аурелио Де Лаурентис, бас бапкер Антонио Конте және спорт директор Джованни Манна бірнеше жиын өткізіп, шабуыл шебін күшейту бағытындағы шешімдерді талқылауда. Алайда трансферлік терезенің жабылуына санаулы күндер қалды. Сондықтан қолайлы әрі деңгейі жоғары шабуылшы табу клуб үшін үлкен сынақ болмақ.