Қазақстан Премьер-лигасының 22-турында жезқазғандық "Ұлытау" "Ордабасыны" қабылдап, турдың басты сенсациясын жасады.
Кездесу Жезқазғандағы "Металлург" стадионында өтті. Матч алдында букмекерлер мен сарапшылар шымкенттік клубты айқын фаворит санаған.
Бірақ алғашқы минуттардан-ақ алаң иелері батыл қимылдады. 10-минутта Дмитро Юсов "Ұлытауды" алға шығарды.
Екінші таймда шымкенттіктер қысымды күшейтіп, 76-минутта Зикрилло Сұлтаниязов таразы басын теңестірді. Дегенмен көп ұзамай жергілікті жанкүйерлер қуанышқа бөленді. 79-минутта бұрыштама добынан кейін Георгий Бугулов баспен гол соғып, жезқазғандықтарға жеңіс сыйлады.
Ойын соңында "Ордабасының" шабуылшысы Молдақараев 90+4 минутта пенальтиді жүзеге асыра алмады.
Бұл жеңістен кейін "Ұлытау" 17 ұпайға ие болып, турнир кестесінде 12-орынға көтерілді. Ал "Ордабасы" 28 ұпаймен сегізінші орында қалды.