Қазақстан ұлттық құрамасының Бельгиядан 0:6 есебімен ойсырай ұтылуы жанкүйерлер мен мамандар арасында қызу пікірталас туғызды. Осы оқиғадан кейін елге еңбегі сіңген жаттықтырушы Павел Черепанов Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) президенті Марат Омаровты ашық сынға алды.
Тәжірибелі маман федерация басшысының соңғы мәлімдемесіне наразы екенін жеткізді:
«Жақында Қазақстан футбол федерациясының президенті сөз сөйлеп, ұлттық құраманың нәтижесіне жауапты емес екенін айтты. Ол: “Мен инфрақұрылымға жауаптымын” деді. Мен мұндайды бірінші рет естіп тұрмын. Федерация президенті футболға жауап бермесе, онда кім жауап береді? Сен құрылысшы емессің ғой, инфрақұрылымды дамытамын деуің түсініксіз. Бұл сөздер мені қатты таңғалдырды», — деді Черепанов.
Қазақстан құрамасы Бельгиямен өткен ойында айқын басымдыққа шыдай алмай, ауыр жеңіліске ұшырады. Бұл нәтиже ұлттық футболдың қазіргі жағдайы мен басқару жүйесіне байланысты сынның күшеюіне себеп болды.