Орталық Азия кубогы мәресіне жетіп, тарихта алғаш рет Өзбекстан ұлттық құрамасы жеңімпаз атанды.
Турнирдің финалында Өзбекстан құрамасы Иранмен кездесіп, қосымша уақытта 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Жеңіс голын 119-шы минутта қорғаушы Хожиакбар Алижонов соғып, командасына алтын кубокты сыйлады.
5-ші минутта ирандық қорғаушы Ариа Юсефи қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.
Қосымша уақыттың бірінші таймында өзбек шабуылшысы Элдор Шомуродов пенальтиден мүлт кетті. Соған қарамастан «ақ қасқырлар» соңғы минуттарға дейін күресіп, тарихи жеңіске жетті.
Бұл – Өзбекстан құрамасының XXI ғасырдағы алғашқы халықаралық трофейі. Бұған дейін олар 1994 жылы Азия ойындарының чемпионы атанған.