Қазақстан құрамасы мен «Елімай» ФК жартылай қорғаушысы Ғалымжан Кенжебекке еуропалық командалардың қызығушылығы артып отыр.
Бұл туралы ойыншының агенті Мамука Ломидзе sportarena.kz-ке берген сұхбатында мәлімдеді.
«Кенжебектің жағдайы жақсы. Алла қаласа, бәрі ойдағыдай болады. Ең бастысы – денсаулығы. Маусымды ойдағыдай аяқтап, ұлттық құрамада жақсы өнер көрсетуі қажет. Оның ойынына қазір көптеген клуб назар аударып отыр – әрі Еуропадан, әрі Ресейден. Әзірге нақты ұсыныстар жоқ, бірақ қызығушылық бар екені рас. Ол «Елімайда» кәсібилігі мен бапкердің сенімінің арқасында жоғары деңгейде ойнап жүр. Қай клубқа баратыны сәл кейін белгілі болады», – деді Ломидзе.
Бұған дейінгі ақпараттарға сәйкес, Кенжебекке Шотландия, Испания және Ресей клубтары көз тіккен.
Ғалымжан Кенжебек — «Қайрат» академиясының түлегі. Бұған дейін ол «Мақтааралда», Кипрдің «Акритас Хлоракасында» және Словакияның «Кошице» клубында ойнаған.