Алматыда өткен көптен күткен «Қайрат» – «Реал Мадрид» арасындағы Чемпиондар лигасы ойыны тек спорттық емес, саяси дау-дамайдың да өзегіне айналды.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек матчты ұйымдастыру деңгейіне қатаң сын айтты. Оның айтуынша, билетті қымбатқа сатып алған жанкүйерлер стадионға кіру кезінде үлкен кезек пен қыспаққа тап болған. Нәтижесінде көптеген көрермен ойын басталғаннан кейін ғана трибунаға өте алған.
«Ұйымдастыру жағы сын көтермейді. Халықтың арасында балалар да болды. Стадион маңында СОБР, ІІМ және ішкі әскер қызметкерлері тұрғанымен, олар көрермендерді өткізуге еш көмек көрсеткен жоқ», – деді депутат.
Базарбектің сөзінше, кейбір жанкүйерлер старт ысқырығынан кейін 10–20 минут бойы кіреберісте күтіп қалды. Ал трибунада билеті жоқ адамдар еркін отырды.
Сонымен қатар депутат шамамен 5 мың билет мемлекеттік холдингтердің – «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және басқа ұлттық компания қызметкерлері арқылы алдын ала сатып алынған болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
«Мен өз көзіммен көрдім – олар қарапайым жанкүйерлер емес еді. Егер бұл билеттер шынымен мемлекеттік бюджет есебінен алынған болса, біз бұл мәселені Соттық және Жоғары аудит палатасына жеткізіп, құқық қорғау органдарын тартамыз», – деп атап өтті мәжілісмен.
Депутат құқық қорғау және антимонополиялық органдарға билеттердің заңсыз сатылу схемаларын тексеруді, жауаптыларды анықтап, қылмыстық іс қозғауды талап етті.