Кеше бірнеше телеграмм-арнасында сұрапыл жаңалық тараған – «Бавария» скауттары Ғалымжан Кенжебекке қызығушылық танытқан көрінеді.
Мюнхендік клуб өкілдері Қазақстан құрамасы мен семейлік «Елімай» жартылай қорғаушысының Лихтенштейнге қарсы матчтағы өнеріне тәнті болған ұқсайды. Сөйтіп, Бундеслига топ-командасының скауттары 22 жастағы футболшы туралы мәліметтер жинай бастапты.
Айта кетейік, Ғалымжан Кенжебек Лихтенштейнмен болған кездесуде Қазақстан құрамасының ірі жеңісіне үлкен үлес қосты 4:0. Өткен ойында «Елімай» өкілі 2 гол мен 1 ассисттің авторы атанды. Одан бөлек «Қайрат» түлегінің голы ӘЧ-2026 іріктеуінің 7-турындағы топ-4 голдың қатарына кірген еді.
Биыл Ғалымжан Кенжебек ҚПЛ-де 9 бәсекеде 5 гол мен 3 ассист тіркеп, үздіктердің қатарынан көрінуде. Енді бүгін жартылай қорғаушы ұлттық команда сапында Солтүстік Македонияға қарсы матчта өнер көрсетпек. Бұл бәсеке 23:45-те басталады.