2021 жылдың 19 сәуіріне қараған түні Еуропаның 12 ірі клубы Суперлига жобасын жариялаған еді.
Мадридтік «Реал» УЕФА-дан қаржылай өтемақы талап етпек. Жуырда Испанияның апелляциялық соты Суперлига ісі бойынша УЕФА, Испания футбол федерациясы және Ла Лига түсірген шағымдарды кері қайтарып тастады.
2021 жылдың 19 сәуіріне қараған түні Еуропаның 12 ірі клубы яғни, «Реал», «Барселона», «Ювентус», «Манчестер Юнайтед», «Ливерпуль» секілді алыптар футболдың жаңа дәуірін бастамақ ниетпен Суперлига жобасын жариялаған еді.
Мұндағы мақсат — УЕФА-дан тәуелсіз, коммерциялық тұрғыда тиімді және жоғары бәсекелі турнир құру болатын. Бірақ бұл бастама ФИФА мен УЕФА тарапынан қатаң сынға ұшырады. Сонымен қатар, қоғам мен жанкүйерлердің қысымынан кейін жоба уақытша тоқтады.
Сот УЕФА, Испания футбол федерациясы (RFEF) және Ла Лига түсірген апелляцияларды қабылдамады. Ресми үкімге сәйкес, УЕФА Еуроодақтың бәсекелестік заңдарын бұзған. Осыған байланысты корольдік клуб қарсы шағым түсіріп, өтемақы талап етуі мүмкін.
«Бұл үкім клубқа келтірілген ірі қаржылай шығындар мен залалдар үшін өтемақы талап етуге мүмкіндік береді. Біз әлемдік футболдың дамуы мен жанкүйерлердің мүддесі жолында жұмысымызды жалғастырамыз», — делінген клубтың ресми хабарламасында.