«Қайраттың» бұрынғы қақпашысы және Қазақстан құрамасының ардагері Владимир Плотников жас голкиперге қатысты өз ойын білдірді.
«Қайраттың» бұрынғы қақпашысы және Қазақстан құрамасының ардагері Владимир Плотников жас голкипер Темірлан Анарбековтың ойынын жоғары бағалап, оны «қазақ футболының келесі №1 қақпашысы» деп атады.
Тәжірибелі маман Meta-ratings.kz басылымына берген сұхбатында Темірлан Анарбековтың соңғы ойындардағы сенімді ойынын ерекше атап өтті.
«Менің ойымша, Анарбеков өзін толық дәлелдеді. Ол менің ұнататын қақпашыларымның бірі. Бұл тек биылғы маусым емес — былтыр да ол “Жеңіс” сапында жақсы ойнады. Бұл балада үлкен болашақ бар. Егер дәл осылай еңбектеніп, ынта-жігерін жоғалтпаса, ол ұзақ жылдар бойы Қазақстан құрамасының №1 қақпашысы болады», — деді Плотников.
22 жастағы Темірлан Анарбеков УЕФА Чемпиондар лигасының төртінші турында «Қайраттың» сапында «Интерге» қарсы тамаша ойын көрсетті. Матч 2:1 есебімен аяқталғанымен, дәл осы кездесуде Анарбеков алты мәрте қақпасын аман сақтап, Лаутаро Мартинестің қауіпті соққысын керемет сейвпен қайтарды.
Осы сәт УЕФА таңдауы бойынша күннің үздік сейвтерінің қатарына енді.